Ұлтшыл болып жүрген М.Тайжан неге соттың орысша өтуін талап етті?

Ұлтшыл болып жүрген М.Тайжан неге соттың орысша өтуін талап етті?

Өткен жылдың айтулы оқиғасы топтамасына кірген ұлтшыл патриот Мұхтар Тайжан мен Шеңгелдінің қарапайым қазақ диханы Батырғали Әміреевтің арасындағы «Пияз дауына» қатысты сот процесі бастан-аяқ неге орыс тілінде өтті? Мұндай сұрақты кесе-көлденең қоюға негіз жоқ емес. Дауласқан екеу де қазақ, судья да қазақ, сот талқысына түскен құжаттар да қазақ тілінде жазылған, таласушы тараптардың сотқа шақырған куәлары да қазақтар, тіпті олардың кейбірі орыс тілін білмейтін болып шықты, олар сот сұрағына аудармашы арқылы жауап беруге мәжбүр болды. Солай бола тұра Шеңгелді диханы Батырғали Әміреевтен алғашында 5 млн теңге, кейін 7 млн 750 мың теңге даулаған Мұхтар Тайжан сот процесінің орысша өтуін талап етті. Әрине, заң бойынша, талапкер сотты қай тілде өткізем десе, оған қақы бар. Дегенмен, бұл оқиға өзін қазақ ұлтының жанашыры, тілі мен дінінің, рухани құндылықтарының қорғаушысы сияқты кейіп танытып жүрген Мұхтар Тайжанның ұлтшылдығына ғана емес, адамгершілігіне күмән туғызып кетті.

Қазақ ұлтшылы Мұхтар Тайжанның «Пияз дауының» сотын орыс тілінде өткізуінің басты себебі мынада: Мұхтар Тайжанның «Әміреев менің 5 млн теңгемді алып, бермей жүр» деп сотқа жазған алғашқы арызы диханға жабылған жала еді (шындығында, аталған сома егістік басынан пияз сатқан дихан Б.Әміреев пен пиязды қоймасына қабылдап алып, одан әрі базарға шығарып қымбатқа сатқысы келген алыпсатар бизнесмен М.Тайжан арасында жасалған келісімшартың бір тарауы болатын, сот процесі кезінде Б.Әміреев келісімшарт бойынша алған 5 млн теңгеге баланған пиязды М.Тайжанның қоймасына құйып бергенін құжаттарын көрсетіп дәлелдеп берді). Мұнда тағы бір гәп бар. Батырғали Әміреев – кетпен шауып, бақша суарып, өнім алатын қарапайым дихан, заң-зәкүннен алыс, орыс тілін түсінгенмен, ойын бұл тілде толық жеткізе алмайтын ауылдың қарапайым қазағы. Ұлтшыл патриот сотта ауыл қазағының осы бір «кемшілігін» өз пайдасына барынша жаратпақ болып, Алматыда орыс тілінде сот өткізуден әбден тәжірибе жинаған заңгерлерлерді қыруар ақшаға жалдап, Б.Әміреевке қарсы қойды. Әрине, соттың орыс тілінде өтетінін естігенде Шеңгелді диханы «қалай қорғанам» деп сасқалақтап қалғаны рас. Бірақ ол тез есін жиып, Талдықорғаннан іздеп жүріп өзіне ұлты орыс адвокат жалдап алып, М.Тайжанның әккі жоспарын бұзып жіберді.
Сот процесі кезінде Батырғали Әміреевтің сөзін қуаттаған куәлар да орысша сөйлей алмай қиналды. Себебі олар да Б.Әміреев сияқты ауылдың қарапайым дихандары болатын. Тіл мәселесі бойынша Мұхтар Тайжан мен оның заңгерлеріне үстемдік беріп тұрған бұл жағдайды судья теңестірді. Ол тез арада сот процесіне аудармашы шақыртып куәлардың сөзін орыс тіліне аудартып тұрды.

Ұлтшыл патриоттың Шеңгелді диханына қарсы жасаған қияңқылығы бұл ғана емес. Сот процесі барысында М.Тайжанның «Әміреев менің 5 млн теңгемді бермей жүр» деген сөзі жалған болып шыққан соң, ол өзінің бұл талабын өзгертіп, «Әміреевтің маған 125 тонна пияз қарызбын деген қолхаты бар», соны ақшаға балап «7 750 000 теңге берсін» деп тағы қиғылық салды. Бірақ 125 тона пиязды Б.Әміреевтің алмағаны, бұл қолхаттың қысым көрсету жағдайында жазылғаны анықталды, М.Тайжанның тапсырмасымен әрекет еткен бағалаушы компания пияздың құнын тым асыра бағалап отырғаны белгілі болды. Сондықтан сот ұлтшыл патриоттың бұл талабын да қанағаттандырмай тастады.

«Пияз дауы» кезінде Мұхтар Тайжанның тағы бір қулығын баса айта кеткен жөн. Ұлтшыл патриот пен қарапайым дихан арасында дау өткен жылдың көктемінде басталған. Бірақ, Мұхтар Тайжан Батырғали Әміреевті сотқа беруге асықпады, ұрымтал тұсты – күзді күтті. Жылдың бұл мезгілі дихандар үшін қауырт, жауын-шашынға, оның артын ала келетін қара суыққа қалмай егінді орып, бақшаны жинап алу қажет. Күйіп тұрған осындай науқан кезінде диханды сотқа тартып, сандалтып қою, әбігерге салу, күзгі жиым-терімге кедергі жасау ұлтшыл патриоттың әккі жоспарының әдейі ойластырылған бір тармағы секілді. Оның бұл пиғылы біршама жүзеге асты да. Дихан ауылы мен Қапшағайда өтіп жатқан соттың арасында сандалып жүріп, ойы он саққа бөлініп, әбігерге түсіп бірнеше гектар жерге егілген пияз бен қызылшаны дер кезінде жинай алмай қалды, бала-шағасы несібесінен қағылды. Бұл жағдай диханның келесі жылдың өнімін өткізу бойынша көктемде жасайтын жаңа келісімшарттарына зиянын тигізетіні анық. Әдетте ұлтшыл патриоттар «ауыл – қазақтың тілі мен ділін, салт-дәстүрін сақтап отырған алтын бесігі» деп езеурейді, ауыл адамының ауыр еңбегін, тұрмыс-тіршілігін айтып күңіренеді. Мұхтар Тайжан да анау бір жылы республиканың бүткіл аймағын аралап көріп-біліп келіп, ауылдардың нашар тұрмыс-тіршілігіне үкіметтің назар аударуын сұраған. Жер комиссиясының жиындарында да ауыл еңбеккерлерінің мүддесін қорғағансып, отандық ауыл шаруашылығының мүддесін күйттеген сөз айтып жүргенін жиі естиміз. Бірақ, «Пияз дауындағы» оның мына ісі қазақ ұлтшылының «қазағым, қазағым…» деп тынбай айтылатын сөзімен әсте қабыспайды.

Берік Мыңжасар
Серке.кз

Previous Ринат Зайытов пен Асхат Тарғын тойда төбелесіп қалды
Next Жазира әріптесі Құралайды көтере алмай қиналды (фото)

Осыған ұқсас

БАЛҒЫНБЕК ИМАШЕВ АЙТЫСПЕН ҚОШ АЙТЫСТЫ

Былтырғы жылы «Алтын домбыраның» иесі атанған айтыскер ақын Балғынбек Имашев айтыстан кететінін мәлімдеді. 21 қазанда Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында XIX ғасырдағы Жетісу ақындарының алтын діңгегі, айтыскер ақын Сүйінбай Аронұлының

Арман Дәулетияров: «МузАРТ» нағыз патриот болса, миллиондардың алдында дәлелдеу керек еді

«Мен әлеуметтік желіде «МузТВ 2015» сыйлығына және оған қатыспаймыз деген «МузАРТ» тобының мәлімдемесіне қатысты әлеуметтік желілерде туындаған тартыстар жайында хабардармын. Әрине, кейбір әріптестеріміздің «тырнақ астынан кір» іздейтін әрекеттері қатты қынжылтады.

Елімізде 15-18 жастағы қыздардың он мыңға жуық жасанды түсігі тіркелген

Соңғы бес жылда елімізде жасөспірімдер арасында жүктіліктің 33 мың 51 фактісі тіркелген. Бүгін парламент мәжілісінің жалпы отырысында депутат Бақтияр Мәкен осы мәселені көтерді. Бұл туралы Қазақпарат хабарлайды. Депутаттың айтуынша, соңғы

пікір жазу

Пікір жазылған жоқ

Сіз бірінші болып пікір жаза аласыз!