Қолжетімді жатақхана салу – әлеуметтік мәселені шешу

Қолжетімді жатақхана салу – әлеуметтік мәселені шешу

«Ақ жол» партиясының бұл ұсынысын Тұрғынүй құрылыс жинақ банкі  де, құрылыс компаниялары да   қолдауда

Өткен   жексенбіде Алматыда  «Ақ жол»   партиясы мен   Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі бірлесіп, журналистерге арнап  дөңгелек  үстел  өткізді.

«Ақ жол» партиясы басшылары мен Мәжіліс депутаттары  қатысқан бұл жиынды  партия  төрағасы, Мәжіліс депутаты  Азат Перуашев жүргізіп отырды.

Кезінде   Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде орын алған былықтарды «Ақ жол» партиясы парламентте  көтеріп,  ол Елбасыға дейін жетіп,  ақыры банкі басшылығының ауысуына тура келген еді.. . Енді міне, содан бері банкте екі басшы ауысты.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің қазіргі төрайымы  Ләззат Ибрагимова  және оның  командасы журналистер алдында   банктің баспана беруде басқа банктерден тиімділігі мен артықшылығын айтып берді.    Қазір банктің алған насиеге   үстеме пайызы еліміз бойынша ең төмен  4 пайыздан басталады. Бұл пайызға сіз банктен депозит ашып, 3 жыл салым салған соң қол жеткізе аласыз.  Сонымен қатар банктегі жинақ ақшаңыздың үстіне 100 пайыз  қосымша несие қосып аласыз.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің қазіргі төрайымы  Ләззат Ибрагимова  да,   төрайым орынбасары  Әділет Қожанбаев,   жарнама және қоғаммен байланыс департаменті директоры Зәуре  Масғұтова,  банктің баспасөз хатшысы Айбар Олжай  және банктің кеңесшісі  Мәдина Болатханқызы да  қазақ тілінде сайрап тұр. Тұрғын үй алудың жеңілдетілген жолдарын  қазақы ұғымға сай  нақты да,  нанымды  етіп баяндап берді  бәрі. Осы жиында  журналистер көтерген  ауылдан келіп, қалада қиын-қыспақта, жайсыз жерлерден пәтер жалдап қиналып жүрген қазақ жастары үшін  құны арзан, қолжетімді  жатақханалар  салу мәселесін  Азат Перуашев та,  Тұрғынүй құрылыс жинақ банкі төрайымы Ләззат Ибрагимова да колдады.

Яғни, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі   баспанасыздарға баспана беретін қазақ тілді банк  болып тұр. Қазақ тілді банк деп баса назар аударып отырғанымыздың мәнісі  елге  белгілі шығар. Өткенде ғана  Қарағандыдағы банк күзетшісінің  қазақша сөйлеген қазақты көріп (ол да болса, Франциядан келген қазақ) жылап жібергенін «Қазақ үні «сайты  жазған болатын…  Иә, банк күзетшісі  қазақша сөйлеген қазақты көріп  жылап жіберген!?.  Шетелде емес, Қазақстанда ?!!

Осы жиында берген уәдесінде тұрған   Азат Перуашев кеше парламентте бұл мәселені – ауылдан келген  жастар үшін  құны арзан, қолжетімді  жатақханалар  салу мәселесін  Үкімет басшысына  депутаттық сауал еттіп жолдады.

Ал  осындай ел қолдап жатқан ұсынысты кейбір  орыс тілді сайттар  «Азат Перуашев  асүйі жоқ, әжетханасы жоқ бөлмелер салуды ұсынды» деп теріс жалаулатып шыға келді.   Депутаттық сауалда  ауылдан келген жастарды қиындықтан құтқару үшін,   санитарлық тазалықсыз,  жайсыз  жердегі жағдайсыз  бөлмелерді жалдап алып,  пәтер қожайындарының жеке қалталарына шығынданып    жатқандар үшін  арзан бағада болуы үшін асүйі ортақ   және  әжетханасы ортақ  (кейбіреулер әдейі  арандатып жазып жатқандай асүйі мен әжетханасы ортақ емес немесе мүлде жоқ емес) коммуналдық жатақханалар салынуын сұраған болатын.   Бұндай жағдайда  баспана бағасы әдеттегіден 40 пайыз арзан болатыны да анық. Бұл ұсынысты қолдаушылар – ауылдан қалаға келіп,  шынымен осындай арзан жатақтарға қолы жетпей жүрген  қалың қазақ жастары  мен олардың жанашырлары да, керісінше арандатып отырғандар  орыс тілді  БАҚ пен басында кемі екі-үш үйі бар, артық  пәтерлерін сол жастарға қымбат бағаға жалға беріп, байып отырғандар.

Бұл туралы Азат Перуашевтың өзі былай дейді :

-Мынау орыс тілді БАҚ-тың қарсы шыққанына мен таң қалған жоқпын.  Естеріңізде болса, бір-екі апта бұрын мен Парламентте «Қазақстан азаматтығын алу үшін, қазақ тілінен және тарихынан емтихат тапсыру керек» деген бастама көтердім. Ол кезде де орыс тілді БАҚ өре-түрегеліп қарсы шыққан.

Менің бұл ұсынысым – ауылдан қалаға келіп жұмыс істеп жүрген еліміздің жастарын қолдау. Қазір базарлардың маңына барып тексерсеңіз, көресіз: біреудің ауласында 10-15 отбасы қысылып-қымтырылып өмір сүріп жатыр. Олар жетіскенен жүрген жоқ. Баспана алуға, ипотека төлеуге мүмкіншілігі жоқ. Бұндай  азаматтар қаншама?.. Олар да біздің елдің азаматтары. Үкімет қабылдаған «Нұрлы жер» деген бағдарламада уақытша баспана беру мәселесі көтерілген еді. Бірақ, ол бойынша тек әлеуметтік тұрмысы төмен отбасылардың ішінде қала азаматтары ғана баспана ала алады. Қалғандары бұл санатқа кірмейді.

Біз жұмыс іздеп қалаға келген жастарды кері итермеуіміз керек? Болашақ министрлер, болашақ құрылысшылар, болашақ банкирлер солардың арасында жүр. Мына жоба бойынша біз бірінші кезекте сол жастарды қолдаймыз.

Маған кешелі-бері төрт бірдей құрылыс компаниясының басшылары хабарласты. Олар жатақжайды салайық деп құлшынып отыр. Тіпті, мұндай уақытша жатақжайлардың ақысы әдеттегіден екі есе төмен болады екен.

Егер осы жолы жолданған ұсынысымыз Үкіметтен кері қайтарылатын болса, мен қайтадан бастама көтеремін. Өйткені, бұл қазір қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі.

 

Сондықтан мәселенің мәнісін түсініп,   байыбына барып, байлам жасау керек.  Ең алдымен ауылдан келген  қазақ жастарының, жалпы қазақтың басты мәселесі –  баспаналы болуды шешу – әлеуметтік күрделі мәселені шешу болып табылатынын  ойлайық.

Елбасының тапсырмасына сәйкес    Азат Перуашев көтерген жастар үшін  құны арзан, қолжетімді  баспаналар  салу мәселесін Үкімет қолдауы тиіс. Бұл мәселені  құрылыс компаниялары да  қолдауға дайын екендіктерін  әлден мәлімдеп жатыр.

Ендеше не тұрыс бар?!.

P.S.  Айтпақшы , Тұрғынүй құрылыс жинақ банкі төрайымы Ләззат Ибрагимова  сөз арасында  банкінің атын  қайта қарайтынын айтып қалды.   «Даму» секілді ықшам, түсінікті болса дейді.  Онда  «Баспана беретін банктың аты «БАСПАНА БАНК»  болсын» деп, ойымызға келе қалған атауды біз де айтып қалдық.   Банк басшылығы бұны қуана қабылдап, «Бұл атау бізге де ұнап отыр,  талқылауға салып шешеміз»-деп ұйғарым жасады.

Қ. Жарылқасынұлы

qazaquni.kz

Previous Асхат Тарғынның тойында Төреғали масқара болды (ФОТО, ВИДЕО)
Next Назарбаев Димаш Құдайбергенді жеке қамқорлығына алғаны рас па?

Осыған ұқсас

Асылхан Төлепов депутат атанбақшы

Алматы мәслихаты депутаттығына «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалынан ұсынылған кандидаттар тізімі жарияланды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

АДАМДАРДЫ АЛДАУ ОҢАЙ, АЛЛАНЫ ҚАЛАЙ АЛДАЙСЫҢ?!. (толық нұсқа)

Өз өтірігіне сеніп кеткендер өзгеден де  соны талап  ететіні жиіркенішті … Жасарал Қуанышәлиннің  кезекті жаласын оқыған да,  жандалбасалаған жанкешті бетбақтықты көріп,  жаным ашып,   «осыны қоя салайыншы» деп ойлаған болатынмын. Бірақ,

Жаңа заң кейбір әншілердің шамына тиді

Мәдениет және спорт министрлігіне көрермендер тарапынан өнер адамдарының  халық алдына жартылай жалаңаш шығуын тоқтатуды сұраған  4000 дана хат жиналып қалыпты. Әрине бұл осыған дейін жазылған барлық хаттың саны. Министр өз

пікір жазу

Пікір жазылған жоқ

Сіз бірінші болып пікір жаза аласыз!