ЖАЗЫҚСЫЗ ЖАМПОЗОВҚА ЖАЛА ЖАПҚАНДАР ЖАЗАЛАНУЫ ТИІС! (видео)

ЖАЗЫҚСЫЗ ЖАМПОЗОВҚА ЖАЛА ЖАПҚАНДАР ЖАЗАЛАНУЫ ТИІС! (видео)

ЖАМПОЗОВТЫ ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІН ЖАРАЛАП, ӨЗІН ӨЗІ МЕРТ  ЕТУГЕ МӘЖБҮР  ЕТКЕНДЕР  КІМДЕР?

Сіздердің қол астыларыңызда не болып жатыр, Бас прокурор Ж.Асанов, Жоғары Сот төрағасы Қайрат Мәми,  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының төрағасы  Қ.Қожамжаров,  ҚР Ішкі істер министрі  Қ.Қасымов  мырзалар?

 

 

Кеше Ақмола облысы Целиноград аудандық прокуратурасында  прокуратура қызметкері Ж. Алибаев  пен аудандық ішкі істер  басқармасы тергеушісі А.Пішембаевты атып жаралап,  өзін АЛЖИР саяси қуғын-сүргін құрбандары мемориал-мұражайында атып өлтірген  Өмірбек Жампозовтың  ҚР Президенті  Нұрсұлтан Назарбаевқа,  ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитеті төрағасы К.Мәсімовке жасаған видеоүндеуі жарияланды.

Видеодан алпыстың үстіндегі  абзал жан, ақадал ақсақалдың құқық қорғау орындары қызметкерлерінің наҺақ жаласынан күйіп кеткені айқын көрініп тұр.  Үндеуден білгеніміз,  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Ақмола облысы өңірлік басқармасы  басшысы Алмат Мырзалиев пен   тергеуші Бауыржан Сәдуақасовтың   кезінде «ҚазСуШар» мекемесі бас директоры болған  Өмірбек Жампозовты  ол өзі танымайтын, ешуақытта көрмеген бір кәсіпкер Серік Бижанов дегенге  «менен 30 миллион теңге пара алды» деген жалған арыз жаздырып алып,   тұтқындайды. Кейін бұл жалғандық әшкереленген соң,  одан да сорақы жаламен  «640 миллион теңгені топ болып, қажеттеріне жаратып жіберген» деген  айып тағады.

Негізгі кінәлілер, қылмысты жасағандар қылмысқа қатысы жоқ куәлерге айналып, миллиардтаған  мемлекет қаржысын жымқыруға жол бермеген  Жампозов бастаған  қызметкерлер «қылмысты» болып шыға келген. «Сондағы кінәміз олардың ырқына көнбеген, турасын айтқан, ашығын айтқанда, оларға пәре бермеген бізді соттағалы отыр» дейді Жампозов  өзін-өзі мерт етердің алдында  Астанадағы Әзірет Сұлтан мешітіне барып Елбасыға арнаған, отбасы мен ағайындарына ақтарылған ашық үндеуінде.

Он балалы отбасында өмірдің барлық ыстық -суығын көріп өскен Өмірбек Жампозовты білетіндер оның адалдығы мен іскерлігін, тазалығын  баса айтады.   Өзіне тапсырылған жұмысты таза атқаратын, «Фольсфаген -пассат» көлігімен жүрген, Астанадағы  екі бөлмелі пәтерде тұратын Өмірбек Жампозовтан  ірі корупционер шығару кімдерге, не үшін керек болды?

«ҚР Бас прокуроры Жақып Асановтан ғана қолдау таптық, бірақ бас прокурордың нұсқауын финполиция құлағына да қыстырмай, істі сотқа өткізіп жібергенін» айтады марқұм.  Сотты  жүргізіп жатқан судья Төлеген Тұрмағамбетов туралы марқұм: «Сот әділ төрелігін айтушы еді біздің түсінігімізше, ал біздің 5-6 айдың ішінде  көріп отырғанымыз, адвокаттарымыз да аң-таң  болып отырмыз, сот қаржы полициясы мен    айыптаушы прокурордың  жалдап алған соты сияқты» дейді таусылып.

«Шаруа қожалығына жүргізілген тексеру тек бір жақты ғана болды. Өмірбек Жампозовтың кінәсін дәлелдейтін айғақтар мүлдем жоқ. Тіпті, сараптаманың өзі 600 миллионның ұрлануы мүмкін емес екенін растады. Марқұм сот әділ болады деп айтып еді. Жеңіп шығатынына сенген.» –дейді  марқұмның адвокаты  Бақыт Қайыржанова.

«Жап-жас прокурор мен финполдар қанын ішіп бітті байқұстың. Жасы келген адам. Тексере береді тексере береді. Бұл жазығы жоқ адам жеп қойған ештеңесі жоқ» –дейді туыстары КТК арнасына берген сұхбаттарында.

Құқық қорғау орындарының барлығынан  әділеттілік таппай, амалы таусылған Өмірбек Жампозов ақырында құдайдың үйі  мешітке барып, ақтарылады. Арызын айтқанда бас имам Серікбай қажының:  » Құранда жала жабу деген ұғым бар. Әдетте шайтан жала жабады, оның жаласына құтылу қиын болады. Адам да жала жабады, оның жаласынан құтылу шайтанның жаласынан да өте қиын болады. Түсіңіз жылы азамат екенсіз, сіз айтқандар рас болса, әлі -ақ бәрі дұрыс болар» деген сөзіндегідей, шайтаннан бетер жалақорлар біздің қоғамға өте қауіпті болып тұр қазір. Сондықтан да Өмірбек Жампозов өлерінен бір күн бұрын 1937 жылдардағы жазықсы жаламен құрбан болғандардың  АЛЖИР саяси қуғын-сүргін құрбандары мемориал-мұражайына әйелін алып барып аралап, ертеңіне қоштасу хатын қалдырып, сол АЛЖИР мұражайында  өзіне қол жұмсап, мерт болуында да көп сыр жатыр… Сталиндік қуғын-сүргін мен біздің құқық қорғау орындарының жасап отырған заңсыздықтары арасындағы айырмашылық қандай?

Елбасыға жасаған келесі үндеуінде Өмірбек Жампозов 640 миллион теңгені жымқырды» деген айыптың негізсіз жала екенін нақты дәлелдермен, құжаттармен, екі жердегі екі – төрт дегендей қарапайым арифметиалық амалдармен дәл есептеп, мектеп баласына да түсінікті тілмен түсіндіріп береді. Адвокаты Б.Қайыржанованың айтуынша, мұнда қылмыстық негіз жоқ екені арнайы жасалған сараптама арқылы да анықталған. Сонымен бірге әрбір мемлекеттік тапсырыстан миллиардтаған қаржыларды үнемдегенін, істелген жұмыс көлемінен артық ақша қолды болуға жол бермегенін  нақты сандармен, құжаттармен дәлелдеп береді.

Әрине, біз бұл жерде Жампозовтың құқық қорғау қызметкерлеріне шабуылын ақтап отырған жоқпыз. Айтайық дегеніміз, әділ заң жұмыс істемегенде, әділетсіздіке қарсы заңсыз шара туатынына куә болып отырмыз. Қоғам куә болып, құқық қорғау органдарында қалыптасып кеткен, әдетке айналған  әділетсіздікке ашық қарсылығын танытуда.

Белгілі саясаттанушы Айдос Сарымның  Жампозовты «Бүгінгі күннің Бақтығұлы» деуі тегін емес. «Күлікбаевты Жампозовпен салыстыруға да келмейді. Ақыры салыстыру керек болса, Әуезовті оқу керек. «Қараш-Қараш» дейтұғын шығарма бар, өлмейтін. 1968 жылы Болотбек Шамшиев фильм түсірді. Меніңше, Өмірбек Жампозов амалы таусылған соң, бір емес екі қылмысқа барған қазіргі заманғы Бақтығұл!»-дейді саясаттанушы. «Жампозовтың жанкештілігі – сот пен прокуратурадағы бассыздықтың  айқын көрінісі» -дейді танымал қоғам қайраткері, желтоқсаншы Гүлбахрам Жүніс  abai.kz  сайтында.  Барлығы да қайғылы оқиғаға құқық қорғау орындарын жайлап алған әділетсіздікті кінәлап жатыр..

«Өзң жоқтың көзі жоқ» деп, енді ертең осы қайғылы оқиғаға басты кінәлілер бәрін өмірден өткен Өмірбек ағамызға жабатын шығар. Тірісінде аяиағандар өлісінде аянып қалар ма? Оған жол бермеуіміз керек!

Өмірбек Жампозовтың артына қалдырған бұл видеүндеулеріне қарап отырып, өмірде әділеттілік бар дегеннен түңілген жанның жанайқайын тыңдап отырып,  жаның түршігеді.

Арамызда жүрген бір арыс мемлекеттің қыруар қаржысын қорғап,  жемқорларға жегізбегені үшін жазықсыз жазаға ұшырап, өмірден шындық таппай, арпалысып, алысып,  ақыры мешітке дейін барды. Соңғы сөзін сотта емес, Елбасы мен елге айтып кетті….  Амалдың таусылуы ашуға ерік беріп, шарасыздық заңзыз шараға барғызды…. Жүрегіне ота жасатқан, қан қысымы өте жоғары  болған, денсаулығы әлсіз жанды  мемлекет мүддесін қорғаған адалдығы үшін азапқа салғандар Алланың алдында да, заңымыздың алдында да жауап беруі тиіс!

Біз қандай қоғамда өмір сүріп жатырмыз?

Сіздердің қол астыларыңызда не болып жатыр, Бас прокурор Ж.Асанов, Жоғары Сот төрағасы Қайрат Мәми, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының төрағасы  Қ.Қожамжаров,  ҚР Ішкі істер министрі  Қ.Қасымов  мырзалар?

Құқық қорғау  органдары    құқық қорлау органдарына айналып кеткенін  білесіздер ме? Бұған кім жауап береді?

ЖАЗЫҚСЫЗ ЖАМПОЗОВҚА ЖАЛА ЖАПҚАНДАР ЖАЗАЛАНУЫ ТИІС!

Бұл бұндай мәжбүрліктен болған қайғылы қанды оқиға қайталанбауы ішін,  қарапайым халықтың   құқық қорғау қызметкерлеріне сенімі қайта оянуы үшін, яғни билікке сенім үшін, қоғамның тазалығы үшін керек!

Әділеттілік таппай,  жаны күйгендердің бәрі Жампозовтың ісін қайталамауы үшін керек!

Марқұмның иманы салауат болсын!   Отбасы мен ағайын-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз.

Өмірде тірідей тозақты көрген Өмірбек ағамыздың  алдынан жәннат есігі ашылғай…

 

Қазыбек ИСА

qazaquni.kz

 

Previous Айқынның Жұлдыз Өмірғалиге үйленіп, отбасын тастап кеткені рас па (фото)
Next Айару Бақытбек: Итімізбен бір төсекте ұйықтап, бір дастарханнан тамақтанамыз

Осыған ұқсас

ЖАРМАХАН ТҰЯҚБАЙ ҚАЙДА?..

Жарық көріп жатқан бұл партиялық саясимәлімдемелерге ЖСДП төрағасы Жармахан  Тұяқбайдың еш қатысы жоқ болып шықты… Өздерін елдегі жалғыз оппозициялық партия санайтын бұл партияның төрағасы Жармахан Тұяқбайдың жоқ болып кеткеніне біраз

Олимпияда чемпионы сайлауға қатыспақшы

Шығыс Қазақстанда сайлау учаскелерінің аумақтары белгіленді. Олардың саны – облыс бойынша 1 мыңнан астам. Бұл туралы сайлау комиссиясының аймақтағы өкілдері хабарлады деп жазады Астана арнасының ресми сайты.

А.Төлепов: Мен сайлауалды насихатымда асфальт төсеймін, электр тогын, суды жеткіземін деп уәде берген жоқпын

23 жастағы актер және Алматы мәслихатына жаңадан сайланған депутат Асылхан Төлепов қазақстандықтардың сынына жауап берді. Төлепов  Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында жас екенін Интернетте сынап жатқандардың сөзіне сабырмен қарайтынын айтты. «Сын, керісінше,

пікір жазу

Пікір жазылған жоқ

Сіз бірінші болып пікір жаза аласыз!